Меню KDT

Новости

Тәрбие сағаты Тақырыбы: «Берекелі де мерекелі Әз-Наурыз»

Берекелі де мерекелі Әз-Наурыз

Мақсаты: «Наурыз» мейрамы туралы түсінік беру арқылы қазақ халқының салт-дәстүрін көрсету және оны құрметтей білуге тәрбиелеу.

Көрнекілігі: «Наурыз-2016» газеті, мақал-мәтелдер, суреттер көрмесі.

                   Барысы:

Мұғалім: Қүрметті ұстаздар, оқушылар! Бәріміздің көптен күткен Наурыз мерекеміз келіп қалды. Мерекелеріңіз құтты болсын! Наурыз «Жаңа күн» деген сөз. Яғни бұл күн біздің ата-бабаларымыз, арғы тегіміз, мыңдаған жылдардан бері мерекелеп келе жатқан жыл басы мерекесі. Наурыз той құтты болсын! Ұлыстың Ұлы күні аталған Наурызда еңбектеріңіз өнімді болып, тілектеріңіз қабыл болсын!

Наурыз келсе, құт келгені, халайық!

Есік ашып, шашу шашып,

Ел боп қарсы алайық.

Той пердесін ашайық,

Тойға шашу шашайық.

Той шашуға тойыңдар,

Бұдан кейін ойын бар.

( Оқушылар шашу шашады).

Жүріндер Наурызға басып аяқ,

Қалыс қадам болмасын некен-саяқ.

Ән шырқап, би билейтін қауым болып,

Тұрмайық уақыт келді өнерді аяп.

1-оқушы: Наурыз келді, жайраң қақты таң күліп,

Жап-жасыл боп кетті дүние жаңғырып.

Жақсылыққа жаршы болған Наурызым,

Сен өмірдің көктемісің мәңгілік.

2-оқушы: Наурыз тойың, наурыз тойың,

Құтты болсын, халайық.

Күй төгілсін, күй төгілсін,

Шырқап әнге салайық.

Хор: "Наурыз той "

3-оқушы: Жаңа жылым, кел төрлет,

Ел достығын өркендет.

Мол болсын ырыс, құт,

Болсын елде тыныштық.

4-оқушы: Құтты болсын Наурыз той!

Құлпырып тұр қыр мен ой.

Күн мен түні теңелді,

Жер шуаққа кенелді.

5-оқушы: Ұлыс бақыт әкелсін,

Әр күніміз жақсы болсын.

Достығымыз берік болсын,

Білім-өнер серік болсын,

Ұлыс оң болсын,

Бестік баға мол болсын.

6-оқушы: Бақта құстар сайрайды,

Жайнап көктем нұрымен.

Жаңа дәстүр жырымен,

Ел наурызды тойлайды.

7-оқушы: Малдар төлдеп, қой қоздап,

Сүттен бұлақ ағызған.

Жаңа жылдың сипаты,

Молшылыққа аңыз боп,

Басталыпты наурыздан.

Ән: "Шақырады көктем"

(Наурыз қыз шығады)

Наурыз қыз: Білесіңдер ме? Наурыз тойының өзіне тән үлкен ырым асы – Наурыз көже. Наурыз көже жеті түрлі дәмді астың құрамынан жасалады. Оның мәні жаңа жылда тойымшылық, молшылық, татымды өмір болсын деген ырымды, тілекті паш етеді.

1-оқушы: Наурыз тойындағы тағамдарда көбінесе ақ тамақ басым болады. Өйткені бұл кезде төрт түлік төлдеп, ақ молайған кез.

2-оқушы: Сондықтан да тойшылар бір-біріне «ақ мол болсын», «сауар көбейсін» деген тілектер айтады. Халық аңызы бойынша Қыдыр баба барлық босағаны аттап, қуаныш әкеліп, жақсылық шашады екен.

Би: «Қазақ биі». Ортада «Шашу» би тобы.

Мұғалім: Балалар, бізге Қыдыр бабамыз бірнеше тапсырмалар беріп жіберіпті. Барлығымыз соны шешіп көрсек қайтеді?

Оқушылар: Әрине, бұл біздің қолымыздан келеді. Солай емес пе, достар?

Мұғалім: Олай болса, оқушылар, тапсырмаларды мұқият тыңдайық.

Тапсырмалар:

  1. Дуниеде не тәтті, не жұмсақ, не жетім?

1-оқушы: Ананың сүті тәтті.

Ананың қолы жұмсақ.

Жаңбыр жаумаса жер жетім,

Басшысы болмаса ел жетім.

  1. Қандай ырым мен тыйым сөздерді білесіңдер?

2-окушы: Малды теппе, ақты төкпе.

3-оқушы: Отты шашпа, күлді баспа.

4-оқушы: Бүйіріңді таянба, жағыңды таянба.

5-оқушы: Бос бесікті тербетпе, бесікті ашық қалдырма.

  1. Жеті атаңды ата.

6-оқушы: Әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, туажат.

  1. 4. Сүттен жасалатын тағамдарды ата.

7-оқушы: Айран, сүт, ірімшік, құрт, қатық, шұбат, қымыз, қаймақ, май, іркіт, т.б.

  1. Наурыз көже қалай жасалады ?

8-окушы: Наурыз көже жеті түрлі тамақ қосу арқылы жасалады.

  1. Ұлттық ойындарды ата.

9-оқушы: Алтыбақан, аударыспақ, қыз қуу, көкпар тарту, атжарыс, теңге ілу, ақсүйек, тоғызқүмалақ, т.б.

  1. Жеті қазынаны ата.

10-оқушы: Ер жігіт, сұлу әйел, білім, жүйрік ат, алғыр тазы, қыран бүркіт, мылтық.

  1. 8. Үш алысты ата.

1-оқушы: Кәрі мен жас, жақсы мен жаман, алыс пен жақын.

«Қазақ биі» орындалады.

2-оқушы: Құт-береке Наурыз айым келді деп,

Жер түледі жасыл-желек желбіреп.

Айналайын атамекен, кең далам,

Толықсиды нұрға балқып, елжіреп.

3-оқушы: Аспанымда ақша бұлттар аунайды,

Наурыз тойы көңілімді баурайды.

Тебіренген табиғатта мәз-мейрам,

Аңқылдаған қазағымнан аумайды.

4-оқушы: Жатыр шалқып көңілім, шалқып әнім,

Наурыз сыйлар қуаныш, бақыт нәрін.

Ұлыстан соң күтіп тұр Ұлы күнің,

Наурыз көжеге бәрің кел, бәрің, бәрің!

                   Мұғалім: Оқушылар, олай болса, бүгінгі тәрбие сағатымызға келіп отырған үлкен ақсақал атамыздан жаңа жылда бата алмаймыз ба?

                   Оқушылар: Иә, иә, ұстаз... ата, батаңызды беріңіз!

                   Ата: Әрине, шырақтарым!

Ұлыс оң болсын!

Ақ мол болсын!

Ұлыс бақты болсын!

Төрт түлік ақты болсын!

Ұлыстың ұлы күнінде,

Ұлың оңға қонсын,

Менің берген бұл батам,

Қабыл болсын! Әумин!

                   Мұғалім: Құрметті ұстаздар, оқушылар! Бүгінгі «Берекелі де мерекелі Әз-Наурыз» атты тәрбие сағатымыз осымен аяқталды. Әз-Наурыз, жаңа жыл баршамызға бақыт пен құт-береке әкелсін! Сау болыңыздар!

Хор: «Наурызым» әні.



Просмотров: 760

Комментарии


Чтобы оставлять комментарии авторизуйтесь

Опрос

Статистика

  • Осы айда9
  • Осы аптада3
  • Кеше0
  • Бүгін0
  • Желіде:0

Полезные ссылки